Елордадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Болашақтың жолдары» атты Орталық Азия халықаралық конференциясы басталды. Бұл маңызды іс-шара «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) 65 жылдығына орайластырылып, әлемнің 20 елінен сарапшылар, ғалымдар мен ресми тұлғалардың басын қосты.
Пленарлық сессияда институт ұжымын Көлік министрі Марат Қарабаев, Дүниежүзілік жол қауымдастығы (Piarc) Бас хатшысының орынбасары Мигель Касо Флорес және Корея жол қауымдастығының вице-президенті Хи Чул Чой құттықтады. Көлік министрлігінің басшысы өз сөзінде саланың өсу әлеуетін атап өтіп, республиканың көлік дәліздерін дамыту жоспарларымен бөлісті.
Конференция барысында талқылаудың негізгі тақырыптары «Жаңа буынға арналған жаңа технологиялар: 65 жыл – дәстүр арқылы инновацияларға» тезисінің төңірегінде құрылған инновациялық технологиялар, тұрақты көлік құрылыстары және жол қауіпсіздігі мәселелерін қамтиды.
Сессиялар цифрландыру, энергия тиімділігі және автожолдар мен көпір құрылыстарын салу мен пайдаланудың экологиялылығы, жол материалдарының беріктігін жақсартудың нано - және биотехнологиялары, жол активтерін басқару және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін ЖИ енгізу саласындағы әртүрлі жаңашылдықтарға арналған. Сонымен қатар әртүрлі елдердің мамандары кадрларды даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру және жол нормаларын оңтайландыру саласындағы заманауи шешімдерді талқылайды.
Конференция аясында салтанатты жиналыс өтті, онда Қазақстанның жол ғылымы мен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан сала ардагерлері мен ғалымдарына тиісті құрмет көрсетілді.
«2024 жыл институт тарихындағы маңызды кезең болып табылады. 65 жылдық - бұл жай ғана атаулы күн емес, бұл көпжылдық еңбек пен жетістіктердің көрсеткіші. Біз ондаған жылдар бойы жоғары кәсіпқойлықты, іске деген адалдықты және дамуға ұмтылып келе жатқан ұжымымызды мақтан тұтамыз», - деді марапаттау рәсімінде «ҚазжолҒЗИ» АҚ Президенті Арман Әлібаева.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты 1959 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан республикадағы жалғыз ғылыми институт. Ол Қазақстанның ерекше табиғи-климаттық жағдайларында автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану ерекшеліктеріне байланысты міндеттерді шешу үшін құрылған болатын.
Бүгінде институт автомобиль жолдарын диагностикалау, материалдардың сапасын бағалау және жобаларды ғылыми сүйемелдеуге арналған жабдықтармен толық жабдықталған. Ұжымда 134 қызметкер, оның ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ жас мамандар бар. ҚазжолҒЗИ халықаралық өнертабыстарға 19 патент алды, бұл оның ғылыми әзірлемелер жасау барысындағы көшбасшы екендігін растайды.
2022 жылдан бастап ҚазжолҒЗИ жол саласы үшін бірқатар маңызды және бірегей цифрлық өнімді жасады. Олардың қатарында, көше-жол желісін басқару жүйесін, СУЭМ көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін, жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын, Jolshy жолшы-кәсіпқойларының цифрлық базасын, ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал ететін Jollab зертханаларына арналған электрондық платформа бар.