ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) биыл 16 негізгі құжатты әзірлеп және қайта қарап жатыр. Бұл құжаттар елдегі автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп-ұстау ережелері мен стандарттарын айқындайды.
Олардың қатарында халықаралық «Superpave» технологиясына арналған үш құжат, қиыршықтас-мастикалық асфальтобетон қоспалары мен көктайғаққа қарсы материалдарға қатысты нормативтер бар. Сондай-ақ техникалық қадағалау, жолдарды диагностикадан өткізу және паспорттау, конструктивтік элементтердің аралық жөндеу мерзімдері мен көпірлерді күтіп-ұстауға арналған бес ведомстволық норма әзірленуде. Бұдан бөлек, екі сметалық нормалар жинағы қайта қаралып, көлік ағындарын есепке алу және BIM-технологияларын қолдану бойынша жаңа тәсілдерді енгізетін екі құрылыс ережесі дайындалып жатыр.
Құжаттардың бір бөлігі қазірдің өзінде Көлік министрлігінің бұйрықтарымен бекітілді, қалғандары сараптама және келісу сатысында. Нормативтік базаны осындай ауқымды түрде жаңарту жол құрылысының сапасын арттыруға, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуге және бүкіл ел бойынша бірыңғай талаптар жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
«Бұл құжаттар алдағы жылдары саланың негізін қалыптастырады. Жол жабындарының ұзақмерзімділігі, қауіпсіздік деңгейі және инфрақұрылымға салынған инвестициялардың тиімділігі нормативтік базаның егжей-тегжейлі сауатты құрылуына тікелей байланысты. Біз Superpave-тен бастап BIM-технологияларына дейінгі заманауи тәсілдерді енгізіп отырмыз, бұл Қазақстан жолдарының халықаралық стандарттарға сай болуына және көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді»,– деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ өкілдері.