Қазақстанда «Автомобиль жолдарындағы көлік қозғалысы қарқындылығын есепке алу және болжау» ведомстволық құрылыс нормалары бекітілді.
Құжатты Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты («ҚазжолҒЗИ») әзірлеген. Ереже 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және республикадағы барлық автомобиль жолдарында деректерді жинау мен талдаудың бірыңғай стандарттарын енгізеді. Көлік ағындарының жылдам өсімі мен өңірдегі логистикалық белсенділік жағдайында жаңа тәсіл жол желісін дамытудың тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Бүгінде еліміздің негізгі автомагистральдарында көлік қозғалысы жыл сайын орта есеппен 3-5% өсіп келеді. Бұған дейін көлік ағымдарын есепке алу толық қамтылмай, жүйесіз жүргізілгендіктен, алынған деректер нақты жағдайды әрдайым көрсете бермейтін. Соның салдарынан жөндеу және реконструкция жұмыстарын жоспарлауда қателіктер туындауы мүмкін еді. Жаңа құрылыс нормалары датчиктерді, интеллектуалды камераларды және мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып, автоматтандырылған мониторингке көшуді көздейді. Қозғалыс жылдамдығы, трафик құрамы, маусымдық өзгерістер және басқа да параметрлер туралы мәліметтер үздіксіз цифрлық жүйелерге түсіп отырады», - деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ»-де.
Ұлттық деңгейде алғаш рет соңғы 5–7 жылдағы статистикаға негізделген есептеу үлгілері бекітілді. Олардың көмегімен автопарктің ұлғаюы, экономикалық белсенділік және логистикалық бағыттардың өзгеруі ескеріле отырып, болашақтағы қозғалыс қарқындылығы айқындалмақ. Бұл шамадан тыс жүктелуі ықтимал жол учаскелерін алдын ала анықтап, трассаларды кеңейту немесе қайта жаңғырту қажеттілігін неғұрлым дәл бағалауға мүмкіндік береді.
«Қабылданған құжат жол саласын деректерге негізделген басқару жүйесіне іс жүзінде көшіреді. Бюджет бөлу, жөндеу учаскелерін таңдау және инфрақұрылымды жаңғырту шешімдері объективті талдау негізінде қабылданады. Жаңа ережелерді енгізу жоспарлау кезіндегі қателіктерді кемінде 30%-ға азайтып, мемлекеттік қаражаттың едәуір үнемделуіне алып келеді деп күтіледі», – деп нақтылады «ҚазжолҒЗИ»-да.
Норматив халықаралық тәжірибелерге сәйкес әзірленген және интеллектуалды көлік жүйелерін жедел енгізуге жағдай жасайды. Бұл магистральдардың өткізу қабілетін ұлғайтуға, кептелістерді азайтуға, қауіпсіздікті арттыруға және Қазақстанның жол саласын өсіп келе жатқан жүктемеге төзімді етуге ықпал етпек.