Қазақстанда жол саласының маңызды нормативтік құжаты – асфальтобетон және органоминералды қоспаларды сынау әдістерін реттейтін ҚР СТ 1218-2003 қайта қаралды.
Жаңартылған редакцияны «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) әзірледі. Құжат климаттың өзгеруі, жүктеменің артуы мен құрылыс технологияларының жаңаруын ескере отырып, халықаралық және еуразиялық талаптарға сәйкестендірілді.
Негізгі өзгерістердің бірі - тығыздық коэффициентін есептеудің жаңа әдістемесі енгізілді. Енді бұл көрсеткішті есептеуде тығыздау кезінде шағыл тастың қайта уатылуы ескеріледі. Ол үшін материал құрылымының жүктеме астында қалай өзгеретінін көрсететін қайта қалыпталған сынамалар немесе сынақтың мақсатына байланысты бастапқы қоспадан алынған сынамалар пайдаланылады. Жаңа тәсіл ауыр жүк тасымалданатын және ауа райы құбылмалы аймақтар үшін аса өзекті.
«Тығыздау коэффициентін анықтау әдістемесін өзгерту жол қабатының сапасын дәлірек бақылауға және оның ұзақ мерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді «ҚазжолҒЗИ» мамандары.
Соңғы жылдары Қазақстанның жол инфрақұрылымы климаттың күрт өзгеруі, температура ауытқуларының өсуі, көлік ағыны мен осьтік жүктеменің артуы, сондай-ақ жаңа материалдар мен технологиялардың енгізілуі секілді жаңа сын-қатерлерге тап болуда. Сонымен қатар, жол құрылысы саласы КО ТР 014/2011 және ЕАЭО стандарттарымен үйлестіруді талап етеді. Осы факторлар жол құрылысында қолданылатын материалдарды сынауға ғылыми дәлелденген, нақты тәсілді қажет етеді. Жаңартылған ҚР СТ 1218-2003 осы талаптарға толықтай жауап береді.
Стандарттағы басқа да маңызды өзгерістер:
- Асфальтобетонның адгезиялық қасиеттерін жоғары және төмен температураларда кешенді бағалау әдісі енгізілді;
- Қоспаларды дайындаудың температуралық режимдері ҚР СТ 1223 және
- ҚР СТ 1225 стандарттарына сәйкес жаңартылды;
- Тұтқыр битумдарды маркалау ГОСТ 33133 және ҚР СТ 1373 талаптарына сәйкестендірілді;
- Сынамаларды іріктеу және өңдеу ережелері нақтыланды, оның ішінде керндердің саны мен біріктіру тәртібі айқындалды;
- Тығыздауды есептеу дәлдігі арттырылды, бұрынғы техникалық сәйкессіздіктер түзетілді;
- Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес шаршы ұяшықты електер тізімге қосылды.
Стандарттың жаңартылуы жол жамылғыларының сапасы мен сенімділігін арттыруға, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде зертханалық бақылауды жақсартуға және халықаралық инженерлік тәжірибелерге біртіндеп көшуге мүмкіндік береді.
ҚР СТ 1218-2003 автомобиль жолдары, әуеайлақтар, қала көшелері мен абаттандыру аймақтарында қолданылатын қоспаларды жобалау және бақылау кезінде қолданылады. Жаңа әдістемелерді енгізу - Қазақстан жолдарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттырудағы маңызды қадам.