Өз қызметінің 65 жылдығында «ҚазжолҒЗИ» отандық автожолдарда 200-ден астам тәжірибелік-эксперименттік учаскелердің құрылысын бастап, мониторинг жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Аталған учаскелерде озық жол-құрылыс материалдары, институттың жаңа технологиялары мен ғылыми әзірлемелері сынақтан өткізіледі.
Соңғы екі жылда елімізде жаңадан 29 тәжірибелік учаске салынды. Олардың тұрақты мониторингі сарапшыларға нақты жұмыс жағдайында заманауи шешімдердің тиімділігін ұзақ мерзімді негізде тексеруге көмектеседі.
Бүгінгі таңда жаһандық жоғары технологиялардың дамуымен автожолдардың сапасы мен қауіпсіздігін жақсартуды инновацияларсыз елестету мүмкін емес. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, жаңашылдықтардың бәрі бірдей тиімді емес әрі климаттық ерекшеліктері бар аймақтар үшін сәйкес келе бермейді. Жол құрылысшылары қателіктерге жол бермеу үшін Автожол комитеті ҚазжолҒЗИ-ға мердігерлерге сенімді және қолайлы шешімдер туралы тексерілген ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін жүйелі шешім табуды тапсырды.
Нәтижесінде, 2024 жылы пилоттық пайдалануға «жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасы» rcmbase.qazjolgzi.kz онлайн-платформасы іске қосылды және инновациялық материалдар мен технологияларды сынау және енгізу рәсімдеріне көзқарастарды айтарлықтай өзгертті.
«Жаңа материалдар мен технологиялар алдымен бірыңғай базаның жаңа технологиялар тізіліміне енгізіледі. ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті жанындағы жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу және игеру жөніндегі алқалы техникалық кеңес сынақтан өткізеді және зерделейді. Тізілімде өндіруші, жеткізуші, қолдану саласы және басқа да мәліметтер толықтай көрсетіледі. Техникалық кеңестің құрамына жол құрылысы сарапшылары, ғалымдар, жобалаушылар, уәкілетті мемлекеттік органның, «Қазавтожол», сапа орталығының, бизнес-қоғамдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді», - дейді ҚазжолҒЗИ жол материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Мейрамгүл Қабдығалиева.
2023-2024 жылдары техникалық кеңестің 12 отырысы өткізілді. Онда бірыңғай база тізіліміне 138 жаңа технология мен материал енгізілді. Олардың бір бөлігі – 28-і (отандық ғалымдардың 7 әзірлемесін қоса алғанда) «сары» мәртебеге ие. Бұл дегеніміз, жаңа өнімдер тәжірибелі учаскелерде тестілеу кезеңінен өтеді.
Олардың қатарында инновациялық тығыздағыштар, сіңдіру, қоспалар, адгезиялық қоспалар, полимерлі тұрақтандырғыштар мен топырақ модификаторлары, битум және асфальтбетон қоспалары, геосинтетикалық материалдар, бетонға арналған полимерлі-арматуралық қоспалар, сондай-ақ суық асфальт технологиясы, жол таңбалауға арналған тұрақты бояулар, темірбетон бұйымдары және мұзға қарсы экореагент бар. Тәжірибелік учаскені айқындау туралы шешім техникалық кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша қабылданады. Автожол комитеті «ҚазАвтоЖол» ҰК-ға сынақтар жүргізуге болатын учаскелердің тізбесін айқындауды тапсырған болатын. Жергілікті климаттық және гидрогеологиялық жағдайларды ескере отырып, материалдарды жеткізушілер қолайлы орындарды таңдайды. Ол үшін топырақ сынамалары және/немесе жол материалдарының үлгілері талданады.
«Кейбір жаңа технологиялар мен материалдарды учаскелерді салу кезінде сынау керек, ал басқалары техникалық қызмет көрсету және күтіп ұстау мәселелері бар дайын сегменттерде тексеріледі. Тәжірибелі учаскелер әдетте жоғары қарқынды жолдарда орналасады. Материалдар бірден бірнеше климаттық аймақтарда сыналады. Материалдарды сынақтан өткізу процесі түрі мен мақсатына байланысты 3 айдан 2 жылға дейін созылады», - деп атап өтті ҚазжолҒЗИ жаңа технологиялар басқармасының басшысы Зәуреш Өмірбекова.
Тәжірибелік учаскелерді бақылау не береді? Апробация алқалы түрде жүргізіледі және жаңа материалдар мен технологиялардың тиімділігі мен өміршеңдігін объективті тексеруге, кемшіліктер мен артықшылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Тексеру нәтижелерін техникалық кеңес зерттейді, оң бағалау кезінде материал «жасыл» мәртебеге ие болады және нақты климаттық әрі геологиялық жағдайларда жолдарды жобалау, күтіп ұстау, жөндеу және салу кезінде қолдануға кеңес береді.