Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға бағытталған. Енді жол саласына арналған материалдар мен жаңа технологиялардың Бірыңғай базасы (https://rcmbase.qazjolgzi.kz) заң жүзінде бекітілді.
Бұл цифрлық платформа пилоттық режимде іске қосылып, жолдарды салу мен жөндеуге қажет барлық мәліметті бір жерге жинайды. Мұнда карьерлер, асфальтобетон зауыттары, жол-құрылыс техникасы, материалдардың сапасы мен қолданылу саласы бойынша ақпарат ұсынылған. Платформа ірі компаниялармен қатар шағын және орта бизнеске де қолжетімді.
«Бірыңғай базаны қолдану енді заңмен реттеледі. Бұл – нақты жұмыс істейтін, нарықты ашық әрі түсінікті ететін, тәуекелдерді азайтатын тиімді құрал. Қазірдің өзінде жүйеге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта ол жол саласындағы күнделікті жұмыс процесінің бір бөлігіне айналады», – деді «ҚазжолҒЗИ» вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Базаның басты артықшылығы – ақпараттың қолжетімді әрі ашық болуы. Бұл жол жобаларын жоспарлау мен іске асыруды жеңілдетіп, мерзімін қысқартуға және сапасыз жұмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жаңа платформаны енгізу – Қазақстанда жол саласын цифрландыру мен жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.