«ҚазжолҒЗИ» қабырғасында әлемнің 23 елінен келген жолшылар, сарапшылар мен ғалымдар жолдарды қысқы күтіп-ұстау мәселелерін талқылауда
Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтында (ҚазжолҒЗИ) PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығының "Жолдарды қысқы күтіп-ұстау" мәселелері жөніндегі Техникалық комитетінің отырысы өтіп жатыр. Бұл кездесу қыс мезгілінде жол инфрақұрылымын пайдалану саласындағы озық технологиялар, тиімді әдістер мен үздік тәжірибелерді талқылау мақсатында әлемнің 23 елінен келген мамандарды, сарапшыларды және ғалымдарды біріктірді.
Талқыланатын тақырыптар келесі сұрақтарды қамтиды:
- Қысқы күтіп-ұстауға қажетті біліктілік пен ресурстар — саладағы мамандардың тапшылығын еңсеру жолдарын іздеу;
- Жаңа технологияларды енгізу — қысқы күтіп-ұстаудың заманауи технологиялары мен стратегиялары бойынша ақпарат жинау және алмасу;
- Қар мен мұз туралы деректер кітабын жаңарту — 2022 жылғы басылымды өзекті ету, тақырыптық зерттеулермен толықтыру және онлайн-нұсқасын дайындау;
- Қалалық аудандарда қысқы күтіп-ұстау — мегаполистер мен ірі елді мекендерге арналған инновациялық шешімдерді зерттеу.