Қазақстанның жол құрылысы саласында халықаралық FIDIC стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл инфрақұрылымдық жобаларды басқару саласындағы ең қатаң әрі әлемдік деңгейде мойындалған регламенттердің бірі. Мұндай тәсіл ірі инфрақұрылымдық нысандарды іске асырудың барлық кезеңдерінде сапаны, ашықтықты және басқарылуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
FIDIC келісімшарттары жобалаудан және сатып алулардан бастап техникалық қадағалау, құрылыс және объектіні қабылдап алу кезеңдеріне дейінгі жобаның бүкіл өмірлік циклын қамтиды. Осы стандарттар аясында жоба басқару жөніндегі консультанттың (ЖБЖК) рөлі аса маңызды. Олардың міндеті - барлық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету, тәуекелдерді азайту және жобаларды іске асыру барысында әр кезеңде сүйемелдеу.
«FIDIC бойынша жұмыс істеу - бұл жобаны жүйелі басқару тәсілі. Іс-жүзінде тек құрылыс кестесін орындау жеткіліксіз, әрбір технологиялық операцияның халықаралық талаптарға толық сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық деңгейде қатаң тәртіпті сақтау қажет. консультаттардың басты міндеті - ауытқуларды уақтылы анықтап, оларды жою арқылы нәтижелі жоғары сапаны қамтамасыз ету», — деп түсіндірді «ҚазжолҒЗИ» АҚ инвестициялық жобалар басқармасының басшысы Айдос Доскараев.
Қазақстанда бұл тәжірибе 2010 жылдан бастап белсенді қолданылып келеді. ҚазжолҒЗИ 2006 жылдан бастап автомобиль жолдарын техникалық қадағалау және технологиялық сүйемелдеу бойынша ауқымды тәжірибе жинақтады. Ал 2010 жылдан бастап жоба басқару бойынша консультанттар ретінде қызмет атқаруда. Жалпы алғанда, Институтта халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау және күрделі инфрақұрылымдық бастамаларды сүйемелдеу бойынша 19 жылдық тәжірибе қалыптасқан. Осы уақыт ішінде консультанттардың қатысуымен бірқатар ірі автожол учаскелері жүзеге асырылды, олардың ішінде: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізі (Қызылорда, Түркістан облыстары (ОҚО)), «Құрты - Бурылбайтал» автожолы (85 км), «Ұзынағаш - Отар» автожолы (96 км), «Қызылорда - Жезқазған» автожолы (216 км), «Құрты - Қапшағай (Қонаев)» автожолы (67 км).
«FIDIC бұл тек келісімшарттар жүйесі ғана емес, сонымен қатар халықаралық сапа тәртібі. Оны енгізу жобалау кезеңінде-ақ көптеген тәуекелдерді алдын ала анықтауға, сондай-ақ құрылысты аяқтау сатысында қайта өңдеуді болдырмауға мүмкіндік беретін жүйе», — деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» сарапшылары.
FIDIC стандарттарының Қазақстанда кеңінен қолданылуы жобаларды басқарудың заманауи мәдениетін дамытуда маңызды қадам болды. Мұндай тәсіл іске асырылып жатқан нысандардың сапасын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық мамандардың халықаралық кәсіби аренадағы беделін күшейтуге ықпал етуде.