Биыл еліміздің облыстық және қалалық әкімдіктері жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармалары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ісін едәуір жандандырды.
Мұндай қадамға түркі болған факторларға нормативтік-құқықтық базаның тұрақты жаңаруы, жолдарды салу мен күтіп ұстауда жаңа технологиялардың енгізілуі, сондай-ақ біліктілікті арттыруды міндетті ететін заңнамалық өзгерістер әсер еткен.
«Мысалы, «ҚазжолҒЗИ» біліктілікті арттыру бағдарламаларының өзі 35-тен астам курстарды қамтиды. Олардың қатарында баға белгілеу мен сметалық іс, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау, жолдарды диагностикалау және паспорттау, қозғалыс қауіпсіздігі, жобалау және пайдалану мәселелері бар. Курстарға мемлекеттік органдардың да, мердігерлік компаниялардың да өкілдері қызығушылық танытып отыр»,- деп атап өтті Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының (“ҚазжолҒЗИ”) өкілдері.
Бұл үдеріс өңірлерде ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Актөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарының жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармаларының мамандары біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жыл соңына дейін шамамен жүзге жуық қызметкерді оқыту жоспарланып отыр, олар оқу қорытындысы бойынша белгіленген үлгідегі сертификат алады.
«Жыл сайын жол саласы технологиялық тұрғыда күрделі бола түсуде. Біз “Superpave” сияқты халықаралық технологияларды, цифрлық базаларды және жаңа стандарттарды енгізіп жатырмыз, ал мамандар оны іс жүзінде қолдануға дайын болуы тиіс. Біліктілікті арттыру - бұл заң талабы ғана емес, жолдардың сапасына кепілдік беретін маңызды шарт»,- деп атап өтті “ҚазжолҒЗИ” өкілдері.
Айқын мысалдардың бірі “Superpave” технологиясын енгізу. 2025 жылы осы әдіспен алты жол учаскесіне жабын төселді, ал 2026 жылы тағы үш сынақ нысанын іске асыру жоспарланып отыр. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа әдістемелерді меңгеріп даярланған кадрлар қажет.
Саланың цифрландырылуы да оның келбетін өзгертіп жатыр. “ҚазжолҒЗИ” әзірлеген жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын нарықтағы барлық қатысушылардың пайдалануын міндетті ететін норма енгізілді. Сонымен қатар ҚР Көлік министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы № 278 бұйрығына сәйкес, біліктілікті арттыру курстарынан кемінде үш жылда бір рет өту міндеттелді.
Бағдарламаға қатысушылар санының артуы кәсіби дамудың жаңа қалыпқа айналғанын дәлелдейді. Бұл өзгерісте әкімдіктер жүйелі оқытуды қамтамасыз етіп, кадрлық әлеует қалыптастыруда шешуші рөл атқарып отыр. Бұл өз кезегінде оның сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді.