Институт мамандары мұзға қарсы химиялық реагенттердің асфальтбетонның әртүрлі түрлерінің беріктігіне қалай әсер ететінін анықтау мақсатында бірегей ғылыми эксперимент жүргізді. Нәтижелер жолдардағы әдеттегі қысқы қауіпсіздік шаралары жол жабындарының беріктігін айтарлықтай төмендететінін растады.
Сынақ үшін мамандар жергілікті материалдардан жасалған асфальтбетон қоспаларының екі түрінің үлгілерін жасады: тығыз тау жыныстарынан ұсақ түйіршікті қиыршық тасты (А типі) және қиыршық тас негізіндегі (В типі). Екі түрі де жолдардың мұздануын бақылау үшін кеңінен қолданылатын NaCl ерітіндісімен әрекетке түсті.
Зерттеулер ГОСТ 33389-2015 бойынша натрий хлориді (ас тұзы) ерітіндісінің 20% концентрациясымен жүргізілді. Үлгілерді дайындау ҚР СТ 1218-2003 талаптарына сәйкес жүргізілді.
Эксперимент экстремалды жағдайларда жүзеге асырылды. Атап айтқанда, үлгілер -20 °C температурада 4 сағат бойы мұздатылды, содан кейін ерітіліп, қайтадан тұзды ерітіндіге салынды. Циклдар 5-тен 25 есеге дейін қайталанып, жолдардың қысқы жұмыс жағдайларына сәйкестендірілді.
Енді сынақ нәтижелерімен бөліссек. В типті асфальтбетонның беріктігі бірден 60% - ға төмендеді, ал А типті бұл көрсеткіш тек 18,4% құрады.
«Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, құрылымы тығыз және тау жыныстарының қиыршық тастары бар асфальтбетон жақсы төзімділікке ие. Сонымен қатар, битум пленкасының қалыңдығы жабынды қорғау барысында да шешуші рөл атқарады. Бұл тәжірибеде біз үшін жолдарды жөндеу және салу кезінде қолданылатын кең таралған материалдарға кері әсер ету жылдамдығын білу және ғылыми тұрғыдан белгілеу маңызды болды», - дейді «ҚазжолҒЗИ» ғылыми қызметкері, phD докторант Дінмұхамбет Алижанов.
Өз кезегінде маман мұзды еріту арқылы дәстүрлі мұзға қарсы реагенттер асфальттың битумды қабатын жейтін агрессивті орта жасайтынын еске салды. Ылғалдың, температураның өзгеруінің және көлік жүктемесінің әсерімен бірге бұл - жолдардың тез бұзылуына әкеледі.
Сарапшылар жол құрылысының қолданыстағы стандарттарын мұзға қарсы реагенттердің асфальтбетондарға әсерін бағалау әдістемесімен толықтыруды ұсынады. Бұл жол төсемдерінің беріктігін арттыруға және оларды жөндеуге кететін шығындарды азайтуға көмектеседі.
Көктайғаққа қарсы материалдардың әсерін толық талдау үшін асфальтбетонның әртүрлі түрлерін және NaCl ерітінділерінің концентрациясын пайдалана отырып, ұзақ зерттеулер жүргізу қажет.
Сондай-ақ, автожолдарды мерзімінен бұрын бұзу мәселесін шешу үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының сарапшылар тобы 2023 жылы көктайғаққа қарсы балама реагент ұсынғанын атап өткен жөн. Бірегей құрамда тұз жоқ, экология мен денсаулыққа зиян келтірмейді, ең бастысы, мұздың қайта пайда болуына жол бермей, терең аязда өзінің тиімділігін сақтайды.
Қазіргі уақытта авторлық әзірлеу республикалық автожолдардың тәжірибелік учаскелерінде тәжірибелік сынақтардың екінші кезеңінен өтуде және бір мезгілде ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасы шеңберінде жаппай өндіріске шығаруға дайындалуда.