Қазақстанда автожолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау тәсілдерін түбегейлі өзгертетін бірегей ведомстволық норматив – ҚР ВН «Автомобиль жолдары. Техникалық қадағалау» құжаты әзірлене бастады.
Бұл жобаны «ҚазжолҒЗИ» АҚ бастамасымен іске асыру қолға алынып отыр. Құжат алғаш рет техникалық қадағалауға қатысты барлық аспектілерді бір стандартқа біріктіріп, жол саласына арналған бірыңғай ережені қалыптастырады.
Құжатта техникалық қадағалау шеңберінде атқарылатын жұмыстардың құрамы мен реттілігі, мамандардың функционалдық міндеттері, атқарылған жұмыстарды тіркеу құжаттарын рәсімдеу тәртібі, сапа бақылау жоспарын жүргізу ережелері және құрылыс, қайта жаңарту мен жөндеу жұмыстарының барлық кезеңінде қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету талаптары белгіленеді.
Жаңа норматив барлық техникалық қадағалау іс-шараларын қамтитын бірыңғай құжат ретінде әзірленуде. Ол қабылданғаннан кейін бірден үш қолданыстағы құжаттың күшін жояды. Осылайша, нормативтік база реттеліп, қазіргі заман талаптарына сай жаңартылатын болады.
Нормативтің маңызды жаңалықтарының бірі – қадағалау қызметтерінің техникалық жабдықталуына қойылатын талаптардың алғаш рет енгізілуі. Бұған дейін мұндай ереже Қазақстанда болмаған. Сонымен қатар, нормативке алғаш рет «сынақ учаскесін» салу рәсімі енгізілді. Бұл әдіс асфальтобетон қоспаларын төсеудің бастапқы кезеңінде ықтимал қателіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады және сапаны қамтамасыз етудегі тиімді құрал ретінде танылған.
Жаңа ҚР ВН құжаты жетекші мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып әзірленуде. Германия, Франция және Ресейдің нормативтік-техникалық құжаттарын сараптау нәтижесі бойынша қазақстандық тәжірибе жалпы алғанда халықаралық тәсілдерге сәйкес келетіні анықталды. Алайда техникалық бақылау тәсілдерін жүйелеу және унификациялау бағытындағы нақты қадам ҚР ВН «Автомобиль жолдары. Техникалық қадағалау» нормативін салалық даму тұрғысынан жаңа деңгейге көтермек.
Жоба нақты мақсаттары: жол құрылысындағы барлық кезеңдерді жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес орындауды қамтамасыз ету, техникалық және орындаушы құжаттамаларды рәсімдеуге бірыңғай талаптарды енгізу, заманауи, дәл және сенімді жабдықтарды пайдалану. Сондай-ақ құжат техникалық қадағалау мамандарының кәсіби деңгейін көтеру арқылы олардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Нормативті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, жұмыс басталып кетті. «ҚазжолҒЗИ» АҚ барлық мүдделі мамандарды, ұйымдар мен салалық өкілдерді жобаға белсенді қатысуға шақырады. Бұл үдеріс болашақтағы техникалық қадағалау стандарттарын қалыптастыруға тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді. Ұсыныстар мен қатысу өтінімдері «ҚазжолҒЗИ» АҚ мекемесінде қабылданады.
ҚР ВН «Автомобиль жолдары. Техникалық қадағалау» нормативін қабылдау ведомстволық нормативтерді халықаралық стандарттармен үйлестіруге жасалған маңызды қадам болмақ. Құжат жол саласы мамандары үшін нақты практикалық құралға айналып, еліміздегі жол жобаларын іске асыруға жүйелі бақылау жүргізудің негізі болады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және транзиттік инфрақұрылымды сапалы дамытуға ықпал етпек.