ҚазжолҒЗИ мен QazaqBitum компаниясы еліміздің жол-көлік саласын дамытудың жаңа кезеңін ашатын ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойды. Аталған ынтымақтастық Қазақстанда «Суперасфальт» технологиясын кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған.
Сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі элементтері инновацияларды, жаңа технологияларды және перспективалы жол-құрылыс материалдарын бірлесіп әзірлеу және енгізу мақсатында тәжірибе және білім алмасу болып табылады. Келісім ұлттық стандарттарды әзірлеу, міндетті және ерікті түрде қолданудың жаңа ведомстволық нормативтерін жасау жөніндегі жол картасы шеңберінде ҚР Көлік министрлігі жүргізетін ауқымды жұмыстың бір бөлігіне айналды.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап Қазақстанда жол құрылысы мен жөндеу процестеріне Superpave («Суперасфальт») технологиясы қағидаттарын енгізудің пилоттық жобасы ресми түрде басталады.
Бұл республикадағы автожолдардың сапасы мен беріктігін едәуір арттыруға, оларды халықаралық стандарттар талаптарына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Америкалық мемлекеттік автомобиль жолдары мен көлік қызметкерлері қауымдастығының (AASHTO) стандарттарына негізделген тәсіл асфальтбетонды көлемді жобалауды қамтиды және әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделген жол төсемдерінің жоғары өнімділігін қамтамасыз етеді.
Озық технологияны енгізу жол инфрақұрылымын пайдалану және күтіп ұстау шығындарын да төмендетеді. ҚазжолҒЗИ мен QazaqBitum қол қойған келісім ҚР жол саласындағы инновацияларды дамыту үшін жаңа перспективалар ашады.