ҚР Көлік министрлігі Жол-құрылыс материалдары мен технологияларының бірыңғай базасының пилоттық нұсқасын іске қосты. Аталған платформа жолдарды жобалау мен салу тәсілдерін жаңғыртуға бағытталған.
Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасы — бұл жолдарды салу мен жөндеуге қажетті ақпаратты бір жерде жинайтын цифрлық платформа. Базада карьерлер, асфальтбетон зауыттары, жол техникасы мен материалдары туралы мәліметтерді табуға болады. Сондай-ақ осы материалдардың сапасы және олардың қолданылу саласы туралы ақпарат көрсетілген. Платформа ірі компаниялар үшін де, шағын және орта бизнес үшін де қолжетімді. Базаның басты артықшылығы — ақпаратқа қолжеткізуді жеңілдету, бұл өз кезегінде жобалардың орындалуын тездетуге және олардың сапасын арттыруға көмектеседі.
Жоба тексеру жұмыстарын жүргізу үшін пилоттық режимде іске қосылды. Бұл мүмкін мәселелерді анықтауға және платформаның функционалдығын жақсартуға мүмкіндік береді. «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаевтың айтуынша, мұндай тәсіл платформа сала қатысушыларының нақты қажеттіліктеріне сәйкес келуі үшін қажет. Пилоттық режим әзірлеушілерге жүйенің мүмкіндігінше пайдалы болуы үшін қандай мүмкіндіктерді нақтылау керектігін жақсы түсінуге көмектеседі.
Болашақта бірыңғай базаны пайдалану міндетті болады. Бұл ақпаратты реттеуге көмектеседі және процестерді ашық етеді. Платформада ұсынылған барлық деректі Институт мамандары тексереді. Енді нарық қатысушыларына ақпарат алу үшін делдалдарға жүгінудің қажеті жоқ: ол тікелей платформада қолжетімді. Бұл алаяқтық тәуекелдерін азайтуға және нарықтағы адалдықты арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
«Кез келген жаңалық сияқты, платформа да белгілі бір кедергілерге тап болып жатады. Нарықтың кейбір қатысушылары ескі әдістермен жұмыс істеуге дағдыланған және жаңа технологияларға сақтықпен қарайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, икемділік пен қазіргі жағдайға бейімделуге дайын болу маңызды әрі шешуші рөл атқарады. Біздің құралмен танысқаннан кейін адал кәсіпкерде ешқандай алаңдаушылық болмайды», – деп атап өтті Ерік Әмірбаев.
Платформа жұмысының бірінші жылында ҚазжолҒЗИ әзірлеушілері кері байланыс жинап, нәтижелерін талдауды жоспарлап отыр. Бұл жүйені жақсартуға және оны саланың барлық қатысушысы үшін ыңғайлы және тиімді етуге көмектеседі. Институттың вице-президентінің айтуынша, болашақта платформа жол құрылысында жұмыс істейтіндердің барлығы үшін маңызды құрал болады.