2025 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда құрылысқа арналған шағыл тас пен қиыршық тасқа қойылатын техникалық талаптардың жаңартылған нұсқасы қолданысқа енгізілді.
Атап айтқанда, СТ РК 1284-2004 «Құрылыс жұмыстарына арналған тығыз тау жыныстарынан алынған қиыршықтас және ұсақ тас. Техникалық шарттар»стандартына енгізілген №1-өзгеріс күшіне енді.
Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 9 маусымдағы № 435 «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» және Кеден одағының ТР ТС 014/2011 «Автомобиль жолдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттер талаптарына, сондай-ақ «ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары жүргізген кешенді ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес әзірленді.
«Біздің мақсатымыз құжатты жай ғана жаңарту емес, инертті материалдардың сапасын шынайы арттыру болды. Барлық түзетулер нақты тәжірибе мен ғылыми деректерге сүйене отырып енгізілді. Біз стандарт талаптарын күшейтіп қана қоймай, оны құрылыс нысандарында тиімді қолдануға болатындай етіп жасауды көздедік», -дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ өкілдері.
Жаңартылған стандарт жол құрылысы саласындағы қазіргі жағдай мен материалдарды қолдану тәжірибесін ескереді. Құжат жол құрылысына және басқа да құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын материалдарға қолданылады. Алайда ол теміржолдардың балласт қабатына арналған шағыл тас пен сәндік мақсаттағы өнімдерге қолданылмайды.
Түзетулер ұсақталу, желіну және тозуға төзімділігі бойынша жіктеуді және маркаларын анықтауды қамтиды. Негізгі фракциялар тізіміне 5-40 мм жаңа аралас фракция қосылды, шаршы електер бойынша параметрлер жаңартылды. Сондай-ақ, тау жыныстарына қойылатын талаптар қайта құрылып, интрузивті және эффузивті жыныстардың бөлінісі жойылып, олар атқылама және метаморфтық жыныстардың ортақ санатына біріктірілді.
Құжатқа жаңа маңызды бөлімдер енгізілді: «Қауіпсіздік талаптары», «Қабылдау ережелері», «Бақылау әдістері», сондай-ақ тасымалдау, сақтау және қоршаған ортаны қорғау талаптары жаңартылып, нормативтік құжаттарға сілтемелер тізімі толықтырылды.
Жаңартылған стандартты енгізу шағыл тас пен қиыршық тастың сапасын бақылауды күшейтіп, жеткізілетін өнімнің сенімділігін арттыруға және күрделі климаттық жағдайдағы инфрақұрылым нысандарының қызмет ету мерзімін арттыруғаа мүмкіндік береді.