ҚР Көлік министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі және Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының бірлескен жұмысының нәтижесінде елімізде «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша жеке бағдарлама қайта жанданды.
Бұрын-соңды жүргізілген талдауға сәйкес, қазір жол саласында 1,5 мыңға жуық маман жетіспейді. Осылайша, автожол саласындағы кадр тапшылығының жүйелі проблемаларының бірін шешу үшін білікті жолшыларды даярлау бағытына биыл мыңға жуық мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді.
Айта кетерлігі, ҚазжолҒЗИ кадрлар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында өткен жылы жол саласы мамандарының цифрлық банкін құрған болатын. Jolshy базасында жол саласының барлық маманы – ЖОО түлектері, тіпті автожолдарды салу және жобалау мен пайдалану саласында жұмыс істейтін ардагерлер туралы да ақпарат қамтылады. Атап айтқанда, мамандардың біліктілігі, олардың жұмыс тәжірибесі, біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификаттардың болуы және басқа да мәліметтер көрсетіледі.
Бүгінгі таңда база толықтырылып жатыр. Сонымен бірге басқа мемлекеттік жүйелермен интеграция жүргізілуде. База жақын арада тәжірибелік пайдалануға беріледі деп күтілуде.