Автожолдар комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин 19-шы Kaztraffic-2023 көрмесі аясында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған «Инновациялар мен инфрақұрылымның қиылысы: жол саласын дамыту формуласы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық сессиясына қатысты.
Төлеген Абдуллин еліміздегі жолдардың ағымдағы жай-күйі және перспективалы автожол жобалары туралы айтып берді. Оның айтуынша, 2023 жылы жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдардың 11 мың шақырымы жөндеу жүмыстырымен қамтылған. Оның ішінде республикалық желіні дамыту шеңберінде ұзындығы 3,6 мың шақырым болатын 17 құрылыс және реконструкциялау жобасы жүзеге асырылуда. Жылдың соңына дейін 856 шақырымдағы құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Спикер 2024-2026 жылдарға жоспарланған әрі басымдық берілетін жаңа жобалар туралы да айтып берді.
«Бірінші кезектегі жобалардың қатарында «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Жезқазған-Қарағанды», «Сарыағаш қаласын айналып өту»автожолдарын қайта жаңарту бойынша жалпы ұзындығы 877 км алғашқы үш жоба бар. Жобалардың ауқымы үлкен болғандықтан, қалған жобаларды алғашқылардың аяқталуына қарай кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр», деді Т.Абдуллин.
Астанада ұйымдастырылған конференцияда әлемдік маңызы бар жол сарапшылары жол-құрылыс индустриясының заманауи мәселелерін шешуге арналған инженерлік инновациялар мен смарт-технологияларды ұсынады. Екі күндік іс-шара барысында Қазақстан, Германия, Франция, Украина, Өзбекстан, РФ және Беларусь сарапшылары баяндама жасап, тәжірибелерімен бөліспек. Сонымен қатар PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығының өкілдері саланы одан әрі дамыту туралы ойларын ортаға салады.
Айта кетерлігі, Kaztraffic-2023 көрмесінің тәжірибе алмасу және жол саласын дамытубойынша еліміз үшін маңыздылығы зор. Көрмеге қатысушылар жол құрылысы, автомобиль жолдарында қауіпсіздік және цифрландыру саласындағы ең заманауи техникалық әзірлемелері мен өнімдерін таныстырады.