Қазақстанда жол құрылысына арналған жаңа ұлттық стандарттар әзірленуде. Бұл құжаттар асфальтобетон жамылғыларына қажетті материалдарды таңдау кезінде климаттық ерекшеліктер мен көлік жүктемесінің қарқындылығын ескеруге мүмкіндік береді.
Жаңа стандарттар еліміздің ызғарлы климат жағдайында жолдардың ұзақ мерзімділігі мен пайдалану беріктігін арттыруға бағытталған.
Жаңа стандарттарды әзірлеу жұмыстарын жол саласына инновациялық технологияларды енгізуге жауапты Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) жүргізуде. 2024 жылы «ҚазжолҒЗИ» Superpave қағидаттарына негізделген және Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескеретін үш ұлттық стандарт әзірлеген болатын. Аталған жүйе температураның күрт өзгеруіне төзімді асфальтбетон қоспаларының оңтайлы құрамын таңдауға мүмкіндік беріп, жөндеу жұмыстарының санын азайтып, жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартады деп күтілуде.
Биыл әзірленіп жатқан стандарттардың арасында:
- ҚР СТ «Битум және битум тұтқырғыштар. PG жіктемесі бойынша марканы анықтау тәртібі» – бұл стандарт битумді тұтқырғыштарды таңдауда елдің климаттық жағдайларын ескеруге және олардың оңтайлы пайдалану сипаттамаларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- ҚР СТ «Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары. Жол асфальтбетон қоспалары және асфальтбетон. Көлемдік-функционалдық жобалау жүйесі. Жобалау қағидалары» – климаттық жағдайлар мен пайдалану жүктемелерінің талаптарына сәйкес келетін асфальтбетон жамылғыларының құрамдарын жобалауға бағытталған.
- ҚР СТ «Битум және битум тұтқырғыштар. Пайдалану көлік жүктемелерінің деңгейлері ескерілген техникалық талаптар» – көлік жүктемелері бойынша негізгі көрсеткішті енгізеді, бұл нақты пайдалану жағдайларына сәйкес материалдарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
- ҚР СТ «Шағыл тасты-мастикалық асфальтбетон қоспалары және асфальтбетон. Техникалық талаптар» – әртүрлі мүдделі тараптар арасындағы ШМАҚ және ШМА қоспаларының көрсеткіштерін бағалаудағы сәйкессіздіктерді жояды, сонымен қатар халықаралық сынау әдістерін енгізеді.
Сонымен қатар, жаңа стандарттардың жобаларымен Ұлттық стандарттау органының сайтында (www.ksm.kz) «Талқылау» – «Стандарттар» – «ҚР СТ жобаларын талқылау» бөлімінде танысуға болатынын еске саламыз. Автомобиль жолдары саласының барлық мүдделі тараптары өз ұсыныстары мен ескертулерін kense@qazjolgzi.kz электрондық поштасына жібере алады.