Жиын барысында елдің негізгі Заңын жаңғыртуға бағытталған конституциялық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға қатысты негізгі тәсілдер мен басымдықтар қарастырылды. Осы үдеріс барысында мемлекеттік билік жүйесінің теңгерімділігіне, құқық үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге басымдық берілді.
Реформа шеңберінде Парламенттің рөлін арттыру, Конституциялық сот институтын нығайту, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара тепе-теңдік пен жауапкершілікті қамтамасыз етуге қатысты маңызды түзетулер көзделді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен орнықтылығын арттыруға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа мемлекеттің институционалдық дамуына негіз болатын ұзақмерзімді және жүйелі қадам болып табылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты реформалардың мазмұнын айқындап, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Аталған өзгерістер қоғамдық келісім, кәсіби талдау және ашық диалог негізінде жүзеге асуда. Бұл Конституцияны жаңғырту үдерісінің уақыт талабына сай әрі қоғамның нақты сұраныстарын ескере отырып жүргізіліп отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, конституциялық реформалар жөніндегі түсіндіру жұмыстары аясында фейктер мен жалған ақпараттрға қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа сәйкес келмейтін, конституциялық өзгерістердің мәнін бұрмалайтын арандатушылық сипаттағы жарияланымдар тіркелуде.
Осыған байланысты азаматтарды конституциялық реформаларға қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және тексерілмеген жарияланымдарға сын көзбен қарауға шақырамыз. Қоғамды дұрыс әрі уақтылы ақпараттандыру, негізсіз пайымдар мен жалған мәліметтердің таралуына жол бермеу реформалардың мәні мен мазмұнын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамдық сенімді нығайтып, ашық әрі жауапты қоғамдық диалогты сақтауға ықпал етеді.