Материалдар институттың ғылыми-зерттеу зертханасында жіті тексеріледі
«ҚазжолҒЗИ» АҚ зертханасының қызметкерлері Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстары бойынша 40-қа жуық қиыршық тас карьерлерінен алынған материалдарды зерттеп, іріктеп алды. Карьерлерден алынған сынамалар ғылыми-зерттеу зертханасында тексеріледі.
Аталған институттың зертханалары еліміз бойынша төрт өңірді қамтыды. Алматы облысының, сондай-ақ Ақмола облысының Зеренді және Аршалы аудандарындағы карьерлердің физика-механикалық қасиеттерін сынау толығымен аяқталды.
Қазіргі таңда СҚО бойынша Ақжар, Қызылжар және Есіл аудандарында орналасқан карьерлерден, Жетісу облысы бойынша Панфилов ауданының карьерлерінен алынған сынамалар зерттелуде. Сонымен қатар институт мамандары Қарағанды облысының карьерлерінен материалдарды іріктеуге кірісті.
Карьер материалдары туралы ақпарат цифрландырылып, жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасына енгізілетінін естеріңізге сала кетейік. Ғылыми технологиялар мен жол құрылыс материалдарының бірыңғай базасындағы деректерді жолдарды жобалау және олардың құрылысы барысында мердігер ұйымдар пайдаланатын болады.
Сарапшылардың болжамы бойынша геоақпараттық жүйелер картасындағы карьерлер туралы цифрландырылған деректер еліміздегі жол құрылысын едәуір жеделдетеді әрі жеңілдетеді. Сондай-ақ карьер материалдарында елдің әртүрлі климаттық аймақтарында қолдану бойынша ұсыныстар болады. Жалпы аталған жұмыс еліміздің жол құрылысы сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған.