Бүгін Құрылтай депутаттарының Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне сапары аясында «ҚазжолҒЗИ» өзінің ғылыми және практикалық жұмысының нәтижелерін, сондай-ақ Қазақстанның автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Институт зерттеулерін саланың негізгі проблемаларына шоғырландырды. Олар: әлсіз топырақтар, жол жамылғысында колея мен жарықтардың түзілуі, жол материалдарының сапасы, көпірлердің жай-күйі және инфрақұрылымды цифрландыру. Басым бағыттар бойынша жұмыс жүргізу үшін халықаралық сарапшылар қатысатын бес ғылыми топ құрылды.
Бағыттардың бірі – асфальтбетон қоспаларын жобалаудың заманауи Superpave жүйесін енгізу. Мамандар 700-ден астам зертханалық сынақ жүргізіп, Қазақстанның климаттық жағдайларын ескере отырып, сегіз ұлттық стандарт әзірледі. Технология Алматы – Қорғас, Қызылорда – Жезқазған және Астана – Щучинск жолдарында апробациядан өтті.
«ҚазжолҒЗИ» сондай-ақ төрт батыс облыстағы сегіз учаскеде әлсіз топырақтарды зерттеп, жол құрылысында қолдану мүмкіндігін анықтау мақсатында 37 түрдегі қайталама материалдар мен өнеркәсіп қалдықтарын сынақтан өткізді. Сонымен қатар Институт отандық цемент, битум және асфальтбетон қоспаларының сапасын бағалап отыр. Саладағы мыңнан астам нормативтік құжатты талдау қорытындысы бойынша 160-тан астам ескірген құжаттың күші жойылды.
Кездесу барысында көпірлерге ерекше назар аударылды. Үш жыл ішінде «ҚазжолҒЗИ» 175 құрылысты тексеріп-қарады, оның 102-сі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Олардың жай-күйін жүйелі түрде есепке алу үшін Институт тексеру нәтижелерін, құжаттаманы және цифрлық егіздерді біріктіретін ақпараттық жүйені дамытып келеді. Көпірлерді тексеріп-қарау мен қалпына келтірудің кешенді бағдарламасының жобасы дайындалды.
Цифрландыру жөніндегі жоспарларын таныстыра отырып, «ҚазжолҒЗИ» BIM-жобалауды, салалық талдаманы және көлік инфрақұрылымын мониторингтеуге арналған шешімдерді дамыту туралы хабарлады. Болашақта Институт көлік саласының цифрлық инфрақұрылым операторы және АТ-интеграторы функцияларын атқаруды жоспарлап отыр, оның ішінде киберқауіпсіздік саласындағы құзыреттерді дамытуды көздейді.
Кездесу қорытындысы бойынша «ҚазжолҒЗИ» жол саласының ғылыми-технологиялық орталығы ретіндегі рөлін заңнамалық деңгейде бекітуді және ірі инфрақұрылымдық жобаларды ғылыми-техникалық сүйемелдеуді ұсынды. Мұндай сүйемелдеу жобалау және құрылыс кезеңдерінде техникалық тәуекелдерді анықтауға, материалдардың сапасын бақылауға және мерзімінен бұрын туындайтын ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Институт сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау кезінде басым ғылыми-технологиялық міндеттерге арналған мемлекеттік тапсырманы қолдау туралы өтінішпен депутаттарға жүгінді.