Еліміздегі жасанды құрылыстардың бірыңғай базасын қалыптастыру үшін деректерді жинау жұмыстары басталды.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы автомобиль көпірлері мен жол өтпелерін егжей-тегжейлі тексеруге кірісті. Жобаны институттың автожолдар мен көпір құрылыстарын диагностикалау бөлімі жүргізеді.
«Көпірлерді зерттеу - бұл көп уақытты қажет ететін әрі құрылымның физикалық және кернеулі-деформацияланған жағдайын зерттеу үшін қажет инженерлік-техникалық шаралар кешені. Зерттеу көпірдің нақты мөлшерін, жер төсемінің жай-күйін және құрылымдардың барлық элементін анықтау үшін қажет», деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ Автомобиль жолдары мен көпір құрылыстарын диагностикалау бөлімінің басшысы Асхат Байбатыров.
Көпір құрылыстары туралы алынған деректер көпір құрылыстарын пайдалануды басқару жүйесі бойынша цифрлық бағдарламаға енгізілетін болады. Жиналған ақпаратты сарапшылар көпірлерді жобалау, салу және жөндеу кезінде ескеретін болады.
«Жиналған ақпарат көпір құрылыстарын пайдалануды басқару бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіне енгізіледі. Алынған мәліметтер негізінде одан әрі пайдалану режимі, барлық көпір құрылысын жөндеу, реконструкциялау немесе ауыстыру қажеттілігі туралы қорытынды беріледі», деді Асхат Байбатыров.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2 мыңнан астам көпір құрылымдары бар. Сарапшылардың пікірінше, олар әр 5 жыл сайын, ал ескі нысандар – әр 3 жыл сайын диагностикадан өтуі керек. 60 жылдан астам жұмыс барысында «ҚазжолҒЗИ» АҚ мыңдаған нысандарды диагностикадан өткізді.