Енді Ақтөбеде жүргізушілер жаяу жүргінші өткеліне адамның жақындағанын ол жолдың жүріс бөлігіне шықпай тұрып-ақ байқайқап, дер кезінде жылдамдықты төмендету қажеттігі туралы жарық сигналын ала алады. Қаладағы Әбілқайыр хан мен Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында отандық өндірушінің NAZAR автономды жаяу жүргіншілер өткелі тәжірибелік пайдалануға берілді.
Жүйе жаяу жүргінші анықталған сәтте автоматты түрде іске қосылып, қосымша жарықтандыруды және жол бетіне стоп-сызықтық жарық проекциясын шығарады. Бұл қараңғы уақытта өткелдің көрінуін айтарлықтай арттырып, дәл жолды кесіп өту қаупі туындайтын сәтте жүргізушілердің назарын күшейтеді.
Жобаны енгізуге ғылыми-техникалық сүйемелдеуді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) жүзеге асыруда. Институт мамандары аталған учаскеде мониторинг жүргізіп, көлік құралдарының қозғалыс параметрлерін талдап, нысанның қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін тексереді.
Салалық құрылымдардың деректеріне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының ең кең таралған түрлері жаяу жүргіншімен қатысты болады. Мұндай жағдайлардың негізгі себептері ретінде жарықтандырудың жеткіліксіздігі мен реттелмейтін өткелдердің жеткілікті деңгейде көзге түспеуі болып табылады.
«Біз жүйе орнатылғаннан кейін жүргізушілердің мінез-құлқы қалай өзгеретінін бағалаймыз. Көлік ағынының жылдамдығын, ықтимал қақтығыс жағдайларының санын және өткелді пайдалану қарқындылығын тіркейміз. Мониторинг қорытындысы бойынша бұл шешімнің тиімділігіне объективті баға беріледі», - деді КаздорНИИ бас маманы Закиржан Данияр.
Институт сарапшыларының ұқсас халықаралық тәжірибені талдауына сүйенген бағалауға сәйкес, белсенді жарықтық индикацияны қолдану жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғаларын орта есеппен 30-40 пайызға дейін азайтуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жоба практикалық сынақ кезеңінен өтуде. Жиналған деректер талданып болғаннан кейін республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісінде осындай автономды өткелдерді кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.